Солтүстік Қазақстан газеті

КЕМБРИДЖ БАҒДАРЛАМАСЫ – АУЫЛ МЕКТЕБІНДЕ

Печать PDF

Сәулеш СӘРСЕКОВА,

argaiv1208

Т.Позолотин атындағы Явленка №1 орта мектебі қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

 

Жай мұғалім – хабарлайды,

Жақсы мұғалім – түсіндіреді.

Керемет мұғалім – көрсетеді,

Ұлы мұғалім – шабыттандырады.

Уильям УОРД.

 

Білім берудің мемлекеттік бағдарламасында білім беру ісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілуіне байланысты бүгінгі заман талабына сай білім беру жүйесінің халықаралық талаптарға сай дамыту міндеті тұр. Бұл міндетті жүзеге асырудың бірден-бір жолы педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүйесін жаңашаландыру, яғни өмір бойы үздіксіз білім алуға көшу. Оқытудың озық технологияларын меңгермейінше, сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес, сондықтан ғылыми-әдістемелік қызмет барысында мұғалімдердің кәсіби біліктіліктерін жетілдіру үшін Алматы қаласында Кембридж бағдарламасы бойынша өткізілген курсқа қатыстық.

 

Осы Кембридж бағдарламасының Жеті модульге қарастырылған идеялар, жеке стратегиялар мен әдіс-тәсілдер бойынша берілген теориялық білімді іс-тәжірибеде қолдану арқылы білім беру үдерісінде енгізе отырып, сабақтарды жаңа тұрғыдан түрлендіріп өткізу үшін бір ай оқып, өзім жұмыс істейтін Явленка №1 Т.Позолотин атындағы орта мектебіме қайтқанда жақсы әсермен жоспар құрып бардым. Бірден іске кіріспек болғанмын, бірақ мен ойлағандай болмады. Жоспарланған жоспарым да сәтсіздікке ұшырады. Сөйтіп, біраз қиналып қалдым. Енді не істесем екен? Ертесіне мектепке барып, алдымен ынтымақтастық атмосферасын құруды ойластырдым. Алдымен мектеп әкімшілігіне барып, келісімшартпен таныстырдым да, орта мерзімді жоспарды мектеп директорына көрсетіп, таныстырып, бекітіп алдым. Мектеп директоры З.Рахиева жақсы қарсы алғанымен, өз сабақтарымды жүргізетінімді айтып, өтініш етті (көп мұғалімдер курсқа кеткен, ауырып қалған екен).

Маған ең қолайлысы диалогті оқыту әдісі болды. Жеті модульдің ішінен “Сыни тұрғыдан ойлау”, “Диалогті оқыту” тәсілдерін сабақта қолдандым. Бұл жаңа тәсіл оқушылардың ойын ашық, еркін айтуға, белсенділігін арттыруға, бір-бірінің пікірін тыңдай білуге өте қолайлы екен.

Мектептегі тәжірибе кезіндегі түсірген “бетпе-бет” кезеңінде топ арасында диалогті оқыту арқылы коучинг сабағымды көрсеттім. Талдау барысында мен сабақты қалай құрғаным жайлы таныстырдым. Сабақ жоспарын Блум таксономиясымен құрдым. Сабақта қолданылған әдіс-тәсілдерді толық таныстырдым.

Сонымен, іс жүзіндегі зерттеу барысында мен диалогтік оқытуды әрбір сабақ кезеңдерінде қолдандым. Мен өз сабағымда көбінесе зерттеушілік және топтық (кумулятивті) әңгіме жүргізуге жағдай туғыздым. Мәселен, бүгінгі сабақта не жайлы әңгімелесеміз деген сұрақтар арқылы шыққан кезде; сабақтың іс-әрекет кезеңінде оқушылар бір-бірімен ақпарат алмасқанда, орындаған тапсырмаларды өзара тексеру кезінде; ал сабақтың қорытындылау кезеңінде оқушылар бір-бірімен ақылдасып, постер жасаған кезде, өмірмен байланысты сұрақтарға жауап беру кезінде оқушы мен оқушы (О-О), оқушы мен мұғалімнің (О-М) арасында диалог орнатылды. Бірақ тапсырманы орындап болғаннан кейін оқушылар бір-біріне қажет кезде көмек жасағанда қиындықтар туды. Нәтижесінде оқушылар тақырып бойынша өз ойларын білдіре алды, басқа оқушыларда түрлі идеялардың болатындығын оқушылар түсінді, оқушылар өз идеяларын дәлелдей алды.

Әңгіме-дебатты оқушылар “Қазақша жыл санау” деген тақырыптағы сабақта әр жұп өздерінің тақырыптарының маңыздылығын бір-біріне дәлелдегенде, түрлі аргументтер келтіргенде қолданды. Жұптардың арасындағы ой-пікірлерінде үлкен алшақтық байқалды және әрқайсысы өз шешімдерінде қалды. Тәжірибеде алдыңғы сабақтарда әңгіме-дебаттарда тек жақсы сөйлей алатын, дәлелдей алатын оқушылар қатысса, соңғы сабақтарда аудитория алдында сөйлей алмайтын оқушылар да ортаға шығып, өз ойларын айтып, дәлелдеуге тырысты.

Зерттеушілік әңгіме диалогте сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі болып табылады. Оқушылардың тақырыпты түсінуіне қол жеткізуі үшін мұғалімдер қолданатын сұрақтардың екі түрі: төмен дәрежелі және жоғары дәрежелі сұрақтар кең қолданылады. Кей кездері төмен дәрежелі сұрақтарды “жабық” немесе “дұрыс емес” сұрақтар деп те атайды. Олар жаттап алуға бағытталған және де оған берілген жауап (“дұрыс” немесе “дұрыс емес” деп) бағаланады. Ал жоғары дәрежелі сұрақтар қойылғанда, оқушылар ақпаратты белгілі бір жолдармен қолдануға, қайта құруға, кеңейтуге, бағалауға және талдауға тиіс болады. Өз тәжірибемде сабақта көбінесе төмен дәрежелі жабық сұрақтар қойылатынын байқадым. Өткізілген бірінші сабағымда оқушылар “Қазақша жыл санау” тақырыбы бойынша постер қорғауға шыққан басқа топ оқушыларына төмен дәрежелі, жабық сұрақтарды қойды, ал бұл оқушылардың когнитивті дамуына, қойылған сұраққа толық жауап беру, т.с.с. қабілеттерінің дамуына және олардың арасындағы қарым-қатынастың дамуына кедергі жасайды екен. Осы мәселені шешу үшін мен іс жүзіндегі зерттеуімнің барысында тапсырмаларды құрастыру кезінде жоғары дәрежелі сұрақтардың қойылуына көп назар аудардым.

Оқушылар арасында белсенді қарым-қатынасты орнатуға болатынына көзім жетті. Әрине, басқа сабақтарда да оқушылардың бұл біліктіліктерінің дамуына жағдай туғызуымның қажеттігін естен шығармағаным жөн.

Есіл ауданы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау