Солтүстік Қазақстан газеті

ӨРШІЛ МІНДЕТ, САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ

Печать PDF

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Қазақстан халқына Жолдауы, “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы еліміздің экономикасы алдындағы міндеттер мен қазақстандықтарға жүктелетін жауапкершілікті одан әрі еселей түсті. Жылдың басты құжаты экономиканың әрі қарай өркендеуіне, атап айтқанда, көліктік, энергетикалық, кіші және орта бизнестің индустриялы және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына бағытталған.

argaiv1822

Елбасы жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында экономиканы реформалау мен Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар өзекті міндеттер қойды. Президенттің айтуынша, “Нұрлы жол” экономикалық саясатының және “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының нәтижесінде жаһандық трансформацияның алғашқы кезеңінен республика лайықты өтіп келеді. Тек 2014-2016 жылдар аралығында экономиканы қолдауға қосымша 1,7 триллион теңге жұмсалды. Мұның барлығы экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, екі жүз мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

Президент әлемде Төртінші өнеркәсіптік революция басталғанына назар аударып, экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келетінін атап көрсеткен болатын. Бұл өзгерістерді Елбасы тарихи сын-қатер әрі ұлтқа берілген мүмкіндік деп атады. Осыған орай, Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып, оның аясында елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажеттігін ұсынды. Бұл еліміздің әлемнің 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуін қамтамасыз етеді.

Біздің департамент жұмысын Жолдауда жүктелген тапсырмалар аясында жүргізуде. Департаменттің міндеті табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін бақылау және реттеуді жүзеге асыру, бәсекелестікті дамытуға қолдау көрсету, осы салалардағы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына жол бермеу болып табылады. Бүгіндері департамент бойынша 59 реттеліп көрсетілетін қызметтер бойынша су кәріз жүйесі саласында – 25, электр және жылу энергетикасы саласында – 24, әуежай саласында – 4, ал кірме жолдар саласында 6 қызмет көрсетіледі.

Биылғы жылдың басында департаментке 19 табиғи монополия субъектісінен 19 өтінім түсті. Оның ішінде 16 өтінім қаралса, бір өтінімді қараудан бас тартылды және бір өтінім кері қайтарылды. Қаралған өтінімдер бойынша 15 табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне 15 тариф және тарифтік сметалар бекітілді. Атап айтқанда, “Сапро-Нат” және “Нежинка-Ерке” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жылумен жабдықтау қызметіне тарифтер бұрын қолданылған деңгейде қалды. Жаңа құрылған “РЖД” АҚ, “Булаев су”, “Производственный комплекс ДК”, “Аққайың Комсервис”, “Қамқор Есіл” және “Мамлютское 1” ЖШС-нің қызметіне, стратегиялық тауарлардың қатарына кіретін көмір бағасының өсуіне байланысты “СевКазЭнерго” АҚ, “Петропавл жылу жүйелері” және “Севказэнергосбыт” ЖШС-нің тарифтері бекітілді. Өтінімдерді қарау кезінде шығын жобаларын төмендетуден алынған шарты экономикалық нәтиже 400,418 млн. теңгені құрады.

Департамент жұмысының стратегиялық бағыттарының бірі – жылу, су шаруашылығы және электр желісін, жылу көздерін жаңғыртуға инвестиция тартуды қамтамасыз ету. Табиғи монополия субъектісінің заң нормаларын сақтауын бақылауды жүзеге асыру мақсатында жеті инвестициялық бағдарламаны орындау бойынша есептер қаралды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша инвестиция сомасы 5 832,101 млн. теңгені құрады. Ал үстіміздегі жылы табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасында көзделген іс-шаралар сомасы 8 358,4 млн. теңге болды.

Департамент мамандары жыл басынан бері 36 табиғи монополия субъектісінің 39 тарифтік сметасы бойынша талдау жүргізді. Бұл талдаулардың қорытындысы бойынша табиғи монополиялар туралы заңнаманың бұзылуына жол бергені үшін жеті табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне уақытша өтемдік тарифтерді енгізу жолымен тарифтер төмендетілді. Соның нәтижесінде тұтынушыларға қайтарылатын жалпы сома 119,741 млн. теңгені құрады.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында департамент алты сот отырысының екеуіне жауапкер, ал төртеуіне үшінші тұлға ретінде қатысты. Жауапкер ретінде қатысқан екі шешімнің біреуі департаменттің пайдасына шешілсе, екінші шешім бойынша жартылай қанағаттандырылды. Сондай-ақ, табиғи монополиялар туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуын жою туралы сегіз нұсқама шығарылды. Барлық шығарылған нұсқамалар субъектілермен белгіленген мерзімде орындалды.

Бәсекелестік орта жағдайына бағалау жүргізу мақсатында департамент мамандары жыл басынан бері екі тауар нарығына талдау жүргізді. “Аи-92/93”, “Аи-95/96” маркалы бензинін және дизель отынын бөлшек саудада сату қызметі нарығына және сиыр етін сату қызметінің тауар нарығына талдау жасалды. Соның нәтижесінде тосқауылдарды төмендету және бәсекелестікті дамыту бойынша ұсыныстар дайындалды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында кәсіпкерлік саласындағы жосықсыз бәсеке, баға мен тариф бойынша ымыраласуға жол бермеу қажет екенін, сол үшін Үкіметке “Атамекен” КҰП-мен бірлесіп, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтауға қатысты барлық заңнамаға “ревизия” жасауды тапсырды. Жыл басынан бері бәсекелестікті қорғау саласында Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуы бойынша алты тергеу жүргізілді. Егер оның төртеуі мемлекеттік органдардың бәсекелестікке қарсы іс-қимылдары фактісі бойынша болса, екеуі нарық субъектілерінің келісілген іс-әрекеттеріне қатысты қаралды. Тергеу объектісінің іс-әрекетінде бұзушылық белгілерінің болмауына байланысты жүргізілетін алты тергеудің ішінен біреуі бұзылушылықсыз аяқталды.

Сондай-ақ, нарық субъектісінің әрекеттерінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілерінің болуы туралы төрт хабарлама шығарылды.

Сондай-ақ, биылғы жылдың ақпанында департаментпен “Чистый Петропавловск”, “Коммун Север”, “Коммунхоз Петропавловск”, “Мюль Сервис” ЖШС-нің бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзушылығына жол бермеу туралы төрт ескерту шығарылды. Бұл ескертуді шығаруға жергілікті БАҚ-та жарияланған қатты тұрмыстық қалдықтардың тарифін көтеру туралы ақпарат қозғау салды.

Шығарылған хабарламалар және ескертулер субъектілермен орындалды. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 192-бабы шеңберінде департамент толық мемлекеттің қатысуымен үш кәсіпорынның, яғни “Жұқтырылған иммунитет тапшылығы синдромының алдын алу және күресу жөніндегі облыстық орталығы” КМҚК, “Мамлютское 1” және “Дайяна” ЖШС-нің құрылуына келісім берді.

Елбасы атап көрсеткен екінші басымдық – бизнес ортаны түбегейлі жақсарту мен кеңейту болып табылады. Үкімет осы жылдан бастап өнімді еңбекпен қамту бағдарламасы мен жаппай кәсіпкерлікті дамытуға кірісіп кетті. Енді елдің ауылдағы немесе қаладағы азаматтары өз бизнесі үшін 16 млн. теңгеге дейін шағын несие ала алады. Жолдауда Қазақстанның әрбір өңірі жаппай, оның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамытуға қатысты кешенді шара ұсынуы керек. Үкіметке “Атамекен” Кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен бірлесіп, бизнес шығындарының барлық түрлерін төмендетуге қарсы шара қабылдауды тапсырды. Нәтижесінде бизнес орта дамып, бәсекелестік орта қалыптасады. Ал біздің департамент болса, жосықсыз бәсекелестіктің орнамауын қадағалайды.

Наталья ШАЯХМЕТОВА,

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау