Солтүстік Қазақстан газеті

ЭКОНОМИКАНЫҢ НЕГІЗГІ ТІРЕГІ

Печать PDF
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен өңірлік кеңестің кеңейтілген отырысына қатысты. Жиын барысында отандық тауар өндірушілерді қолдау, экспортқа бағытталған өндірістің маңыздылығы және ауылдық жердегі кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды.

Отырыс барысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов бүгінгі таңда кәсіпкерлік ел экономикасының басты бағдарларының бірі екенін айта келе, бұл саланы одан әрі өркендету мақсатында Елбасы шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі бағыттарын айқындап бергенін атап көрсетті.

argaiv1657

– Бүгінде шағын және орта бизнес – ел экономикасының негізгі тірегіне айналып отыр. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету – бүгінгі күннің талабы. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында көптеген жобалар жүзеге асырылып, жеңілдетілген несиелер берілуде. Нәтижесінде ауылдардың әлеуеті артып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бүгіндері ауыл және мал шаруашылығы саласында өсім байқалады. Бұл жетістік – мемлекет пен бизнестің тығыз қарым-қатынасының нәтижесі. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты мақсаты – бизнестің Үкіметпен және мемлекеттік органдармен байланысын нығайту. Себебі, кәсіпкердің әр жетістігі – бұл тұрғындардың жұмыспен қамтылуы, біздің әл-ауқатымыздың артуы, – деді Құмар Іргебайұлы.

Бүгінгі таңда өңірімізде шағын және орта бизнестің 28,7 мың белсенді субъектісі тіркеліп, бір жүз мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Орта және шағын кәсіпкерлікке беріліп жатқан несиелердің көлемі де өскен. Мәселен, өткен жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында 18,3 млрд. теңгенің несиесі рәсімделсе, үстіміздегі жылдың сегіз айында бұл көрсеткіш 26,9 млрд. теңгеге жеткен.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов кәсіпкерлер құқығын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және кәсіпкерлікті жандандыру мен дамыту бағыттары бойынша палатаның атқарған қызметі туралы баяндады. Палата басшысы есебінің соңында кәсіпкерлердің бас ауруына айналған жайылымдар мәселесіне тоқталып өтті.

– Кәсіпкерлікті дамытуда күрмеуі қиын мәселелер жетіп артылады. Атап айтқанда, ауданда мал шаруашылығымен айналысып жүрген шағын кәсіпкерлік субъектілері жайылымның тарлығын сезінуде.

Ал кейбір кәсіпкерлердің жайылымдары бар болғанымен, мал шаруашылығымен айналысуға қызығушылық танытпай отыр. Сондықтан әр елді мекенде қай жер телімдерін бизнесті кеңейту мақсатында пайдалануға болатынын аудандық деңгейде шешу керек, – деді Тұрар Сейілбекұлы.

Сондай-ақ, шара аясында кәсіпкерлердің өзекті мәселелері ортаға салынды. Қатысушылардың айтуынша, ауылдық жерлерде банктер тарапынан берілетін несиелерге қолжеткізуде кедергілер бар, жылу және электр желiлерiне қосылу шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн әлі де қиындық туғызуда.

Өңірлік кеңестің мүшесі Александр Казанцев қуатты үнемдеу проблемаларын оңтайлы шешу жөніндегі палатаның рөлі жайында сөз қозғап, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өндіріс орындарын электр және жылу қуаттарына қосу, қуатты арттыру, техникалық жағдайына сәйкес берілген жұмыс көлемін орындау мәселелерін көтерді. Себебі, энергиямен және жылумен жабдықтау ұйымдарының қызметі мөлдір, энергетика инфрақұрылымдары қолжетімді болуы қажет. Шараға қатысқан “СК РЭК” АҚ-ның атқарушы директоры Анатолий Казановскийдің айтуынша, бұл өзекті мәселе біртіндеп шешімін табуда. Мәселен, былтырдан бері облысымызда бос жер телімдерi, сондай-ақ, өңiрдегі қуат көздеріне және коммуникацияларға қосылудың ықтимал нүктелерi мен тағы басқа қажетті ақпараттар орналастырылған “Іnvestinsko” бiрыңғай порталы жұмыс істейді. Ендігі кезекте энергетиктер “Петропавл жылу желілері” ЖШС-нің мамандарымен бірлесіп, жылдың соңына дейін өндіріс орындарын электр және жылу қуаттарына қосу бойынша техникалық құжатты тегін әрі электрондық түрде беруді қолға алмақ.

“Арқалық” шаруа қожалығының басшысы Нағашыбай Барлыбаев бизнес субъектілерінің экология саласына қатысты өзекті мәселелеріне тоқталды. Кәсіпкерліктің болашағы туралы өз пікірімен бөліскен өңірлік кеңестің мүшесі, “Арт-Строй” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ильгам Валишин жосықсыз бәсекелестік мәселесін көтерді. Бүгіндері бизнес субъектісіне жатпайтын заңды тұлғалардың кесірінен кәсіпкерлер шығынға батуда. Олардың қызметі арзан болғанымен, заң алдында жауап бермейді әрі салық төлемейді. Бұл мәселені жолаушылар тасымалымен айналысатын “NK-CARGO” ЖШС-нің директоры Омари Харбедия де қостады. Осы орайда, өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыстық ішкі істер департаментінің заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатындардың жолын кесу мақсатында жоспар жасағанын, сондай-ақ, облысішілік әлеуметтік автобустар бағыттарына қолдау көрсету мақсатында бюджеттен 30 млн. теңге қаржы бөлінгенін хабарлады. Нәтижесінде жолақы бағасы төмендеп, тұрғындар үшін қолжетімді болуда. Ал бұған дейін тек ауданішілік жолаушылар тасымалдау бағыттарына демеу-қаржы бөлініп келген болатын.

Жиын барысында жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мәселесі де қозғалды. Облысымызда көрші елдердің нарығына шығуды көздеп жүрген солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер бар. Үстіміздегі жылдың қазан айында облысымыздың кәсіпкерлері Ресейдің Омбы қаласында үш сауда нүктесін ашуды жоспарлап отыр. Кейін олардың саны арта түспек. Өңір басшысы жобаға жауапты басшыларға тауарлардың брендін дамыту мәселесіне уақыт бөлудің қажеті жоқ екеніне тоқталып өтті. Жаңа нарықта өңірімізде өндірілген тауарлар сапасымен бірден көзге түсіп, өз тұтынушысын табуға тиіс. Сонда ғана бәсекелестік орта қалыптасып, омбылық тұтынушылар тарапынан тауарымызға деген сұраныс арта түспек.

Отырысты қорытындылаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірлік кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстардың барлығы қаралып, алдағы уақытта оң шешімін табатынына сенім білдірді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау