Солтүстік Қазақстан газеті

ТАМАШАҒА ТОЛЫ ТОҚСАН ҮШ КҮН

Печать PDF

 

argaiv1900

Үш айдан кейін Сарыарқаның төрін осы уақыт бойы дүбірге бөлеген “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінің жабылу салтанатына қатысу үшін Астанаға қайта оралдық. 93 күн ішінде төрткіл дүниенің назарын өзіне аударған бірегей халықаралық көрменің жабылу рәсімі де ерекше салтанат-сәнімен өтті.

Көрме жабылардан бір күн бұрын ұйымдастырылған баспасөз туры барысында өткен жолы бара алмаған павильондарды, аймақтарды аралауға тырыстық. Астаның таңғы салқыны мен өткір желін елеместен көрмеге жеткенімізде, әуелі “Нұр Әлем” қазақ ұлттық павильонын тағы бір мәрте аралап шығуды жөн көрдік. Оның ішінде аралап жүргендердің қарасы қалың екен, аяқ алып жүргісіз. Көппен бірге сегізінші қабатқа дейін көтеріліп, тамсанған жастың да, жасамыстың да таңданысының, мақтанышының куәсі болғанымызды қалай айтпай өтпейміз?! Әсіресе, ақ жаулықты аналарымыздың елінің болашағына, ұрпағының жарқын келешегіне деген сенімі мейірім төгілген жүздерінен-ақ көрініп тұрды. Балаларын қыдыртып, немерелерін жетектеген аға буын өкілдерін жиі кездестірдік. Бір сәтке “ЭКСПО” көрмесінің қалашығы отбасыңмен серуендеп баратындай жайлы орынға айналғандай көрінді.

Осындай оймен “Нұр Әлемнен” шыққан кезде жел саябырлап, күн біршама жайылған екен.

Бұл жолы ұлттық павильондарды емес, тақырыптық аймақтарды араламақ болдық.Бұл аймақта электр қуатын өндіру, сақтау және қолдану, ауа райының өзгеруімен күрес немесе дамып келе жатқан елдерде электр энергиясына қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша үздік технологиялар, жобалар мен стратегиялар ұсынылған екен. Павильон алты тақырыптық аймаққа бөлінген және “Энергия ағыны” – импульсивті жарық инсталляциясымен біріктірілген. Жаһандық питч шеңберінде Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсудің басқаруымен Халықаралық комитет жүзден астам өтінімнің ішінен 13 елдің 24 жобасын іріктеп алған. Бұл аймақта индустрия алыптары “Viessmann”, “Primus Power”, “ABB Solar Impulse”, “Silo” және “Polarsol Oy”, “Andtritz Hydro”, “Greenrail”, “Scrooser”, “Formula E”, “Heliovis” және “Angled Bladesсу”-дің жаңа зерттемелері, сонымен қатар биотехнологиялар саласының тың жобалары ұсынылған.

Біздің назарымызды аударғаны Италия­ның “Greenrail” компаниясы жасап шығар­ған темір жол шпалы болды. Компания инженерлері дәстүрлі т­е­мір жол шпалдарының орнына “жасыл” тех­нологияға негізделген жаңа шпал ой­лап тапқан. “Greenrail” компа­ния­сы “жасыл” технологиясының не­гізіне күн энергиясын жинайтын фото­гал­ва­никалық элементтер алынған. Осы технология негізінде жасалған шпалдар төселген 1 шақырым темір жол торабы 150 кВт энергия өндіреді. Жаңа тех­нологияны ойлап тапқан инже­нер­лердің пікірінше, мұндай шпал­дар жол то­рабы бойындағы электр энергия­сы­на деген тапшылықты жоюға ықпал ете­ді. Мыңдаған шақырымға созылатын темір жол тораптары ұлан-ғайыр аты­рап­­ты байланыстырып жатқан қазақ­­стан­дық темір жол саласы үшін бұл тех­нологияның пайдасы ұшан-те­ңіз екен­дігі даусыз.

Аймақтағы озық технологиялардың бірқатары дәстүрлі энергия өндіру тәсілдерінің тиімділігін арттыруға арналған. Соның бірі Варшава политехникалық университетінің ғалымдары ойлап тапқан “SILO” жүйесі болып табылады. Бұл жалпы айтқанда, турбиналарға, конденсаторларға, бу қазандары мен әртүрлі сорғыларға қойылатын өзін-өзі реттейтін компьютерлік бағдарлама болып табылады. Осы технология негізінде “SILO” жүйесінің жасанды интеллектісі жылу-электр стансаларының жұмысындағы кемшіліктерді анықтап, оны реттеп отырады. Сонымен бірге, электр қуатын өндіру көлемін кемітпей жағылатын көмірді азайтуға мүмкіндік береді.

Қалай болғанда да, соңғы он шақты жыл көлемінде жаңғырмалы энергетика саласында үлкен ғылыми жетістіктер ашылды. Электр энергиясының өзіндік құнын арзандату мақсатында жаңа қондырғылар мен технологиялар ойлап табылды. Яғни, көмірсутегі шикізатынан өндірілетін қымбат электр энергиясын арзан да тиімді энергия көзімен алмастыратын энергетикалық төңкеріс жолында нақты қадамдар жасалуда. Осы және өзге де жаңашылдықтарды үш айдың ішінде 4 млн.-ға жуық адам тамашалапты. Оның бес жүз мыңнан астамы шетелдік туристер екен. “Астана “ЭКСПО – 2017” ҰК” АҚ-ы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пірметовтің айтуынша, 115 мемлекеттің ұлттық павильоны жұмыс істеп, 22 халықаралық ұйым қатысқан. Бүгінде көрмеден кейін нысандарды пайдалану тұжырымдамасы бекітіліпті. Сол тұжырымдамаға сәйкес әрбір салынған ғимарат толық пайдаланылатын болды. Тіпті, болшақта бұл нысандар мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылмайды, олар өзін-өзі ақтауы тиіс. Ал көптің көңілінен шыққан “Нұр Әлем” қазақ ұлттық павильоны мұражай ретінде халықтың көзайымына айналмақ. Бұл дұрыс шешім екені сөзсіз. Себебі, қазақ ұлттық павильоны келушілердің саны бойынша алдыңғы орынға шыққан. Бұл нысанды 1 млн. 300 мыңға жуық азамат тамашалап үлгерген екен.

Ал халықаралық көрменің экономикалық тиімділіге тоқталсақ, облыс әкімдіктері, ұлттық компаниялар бизнес-форумдар өткізіп, соның барысында әртүрлі деңгейдегі елуге жуық шарттарға қол қойылыпты. Туристердің де, инвесторлардың да дені Ресей, Қытай, Азия мемлекеттері, Германия және посткеңестік кеңістіктегі елдерден келген. Көрмеге қатысушы мемлекеттер энергияның балама түрінің елуге жуық жобасын ұсынған. Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес бұл жобалардың қайсысы бізге қолайлы екендігі анықталуда. Түрлі салалар бойынша 40-тан астам жоба қарастырылып жатыр екен.

Халықаралық көрмелер бюросы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты “ЭКСПО – 2017” көрмесін өткізуге орасан зор үлес қосқаны мен жемісті нәтижесі үшін Алтын медальмен марапаттады. Екінші Алтын медаль “ЭКСПО – 2017” көрмесінің халықаралық қатысушыларына ұйымдасқан түрде міндеттерді орындағандары және осы шараның сәтті өтуіне қолдау көрсеткендері үшін табысталды.

Бірінші “Халықаралық көрме бюросының абырой медалі” көрменің барлық қатысушыларына үздіксіз көмек пен қолдау көрсеткен, компанияның барлық қызметкерлерінің қажырлы еңбегі және жоғары дәрежедегі кәсіпқойлықты танытқан “Астана “ЭКСПО – 2017” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ахметжан Есімовке табысталды. Екінші “Халықаралық көрме бюросының абырой медалімен” “ЭКСПО – 2017” көрмесін күнделікті қала өмірімен кіріктіре алған Астана қаласы марапатталды.

Сонымен қатар халықаралық павильондар арасынан да “Көрме дизайны” және “Көрме тақырыбының ашылуы” атты екі аталым бойынша үздіктер анықталды. Бірлескен павильондар арасында “Көрме дизайны” аталымы бойынша қола жүлде – Латын Америкасы плазасына, күміс жүлде – Тынық мұхиты плазасына, алтын жүлде Кариб қоғамдастығы плазасына берілді. “Көрме тақырыбының ашылуы” аталымында қола медаль – Украинаға, күміс медаль – Гана Республикасына және алтын медаль Тәжікстанға табысталды. Сонымен бірге, “ЭКСПО – 2017” “Ғарыш” сыйлығымен Лесото Ұлттық университеті марапатталды.

Бұл марапаттар арқылы “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесінің қатысушыларын “Болашақ энергиясы” тақырыбындағы жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға және осы бағыттағы бірегей идеяларды дамытуға ынталандыру көзделіп отыр.

93 күнге созылған “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесінің жабылу салтанаты да қазақстандықтардың ғана емес, шетелдіктердің де есінде қалары сөзсіз. “Болашақпен тілдесу” деп аталатын мультимедиалық шоу барысында адамзат баласының жеткен жетістіктері, атап айтқанда, автокөліктен бастап, қолымыздағы смартфондарға дейінгі үздік технологиялардың тарихынан сыр шертілді. Ұйымдастырушылар жас ұрпақтың буыны ретінде баланы соңғы технологиялармен безендірілген сахнаға шығарып, жас буынның көзімен келешекке көз жүгірткізгендей болды. Көркем қойылымда күн және жел күшімен бірге, су астындағы балдырлардан да энергия өндірудің технологиясы көрсетілді. Сонымен қатар ХХІ ғасырдың креативті жобасы – болашақтың вакуумды пойызының жобасы таныстырылды. Сағатына 1300 шақырым жылдамдықпен жүретін келешектің көлігі жобасының авторы – атақты америкалық өнертапқыш Илон Маск. Пойыздың сынағы АҚШ-та өткізілген. Қазіргі уақытта оны іске асыру жобасы қолға алынып жатыр. Бұл пойыз келешекте Алматы мен Астана аралығын 45 минутта жүріп өтпек.

Жарқын болашақта әр адамның қадамынан алынатын қуат көзінің, өсімдіктерден өндірілетін энергияның жобасы да көрсетілді. Демек, қоршаған орта энергияның көзіне айналады. Терезеңіздегі гүліңіз үйдің көркіне айналып қана қоймай, үйіңізге жарық бере алады. Экологиялық таза энергиялар қоршаған орта арқылы арнайы қоймаға жиналып, халыққа қызмет етпек. Қиялға қанат бітіретін, арманның қолжетімді екенін түсіндіретін, ойдың жүйріктігін, сананың сергектігін, ғылымның айшылық алысты жақындататын дәлелдеген бұл жобалар адамзатты индустрия биігіне көтеріп қана қой-май, жас буынды ілім-білімге ынталандырары анық. Жарқын болашаққа жетелеген көріністен кейін халықаралық көрмелер бюросы бас ассамблеясының президенті Стин Кристенсенге “ЭКСПО” көрмесінің туы салтанатты түрде табысталды. Көрме туын қадірлі қонаққа “Астана “ЭКСПО – 2017” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов тапсырды. Өз кезегінде халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес бейнебайланыс арқылы осындай ауқымдағы шараны абыройлы өткізгені үшін Қазақстан басшылығы мен халқына зор алғысын білдірді.

Бұдан кейін сахна төріне көтерілген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесін жабық деп жариялап, маңызды шараның жоғары деңгейде өткенін және Қазақстанның туристік танымалдылығын арттыруға оң ықпал еткенін ерекше атап өтті.

– Астанадағы “ЭКСПО – 2017” көрмесінің жоғары деңгейде әрі табысты өткенін зор мақтанышпен айтқым келеді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды. Бұл көрме Қазақстанның әлемге танымалдылығы мен туристер үшін тартымдылығын арттырды. Елімізге келген мәртебелі меймандарға халқымыздың қонақжайлылығын көрсете алдық. Әлем көз тіккен “ЭКСПО” көрмесі беделімізді биіктетті, рухымызды көтерді, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы “Астана” халықаралық қаржы орталығы көрме аумағында жұмыс істейтініне де тоқталды. “Халықаралық қаржы орталығы қаржы хабы болып, инвестиция тарту орталығы мен үздік қаржы жүйесі болуы керек. Құрылған жасыл технологияларды дамыту бойынша халықаралық инвестиция орталығы жасыл технологияларды дамытудың жаһандық тынысына серпін береді. IT стартаптардың халықаралық технопаркі IT кәсіпкерлері мен әлемнің инвесторларын тартатын алаңға айналады. Осылайша, “ЭКСПО – 2017” көрмесінің көрме кешені инновациялық тұрақты даму бағытына үлес қосып, жаңа орталықтардың жұмысында бәрін де белсенді серіктестікке шақырады”, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы “ЭКСПО – 2017” көрмесінің Астана мен еліміздің барлық аймақтарын біріктіріп, ел экономикасының қарқынды дамуына қозғау салғанын баса айтты. Көрме барысында 1400-ден астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары тауарлар мен қызмет көрсету бойынша 640 миллиард теңгеге тапсырыс алыпты. Қазақстанның туристік секторының да жандана түскені белгілі. Астанадағы кәсіпкерлік субъектілері 10 пайызға көбейіп, қызмет көрсету саласынан түскен қаржымен елорда бюджеті 1,2 есеге артқан.

Салтанатты кеште ерекше акция ұйымдастырылды. Қол ұстасқан қонақтар бір-біріне қуат беру арқылы сфераға жарық сыйлады. Кеш қонақтарынан бөлек, қол ұстасқан бір жарым мыңға жуық ерікті Конгрессхоллдан “ЭКСПО – 2017” көрмесінің басты символы – “Нұр Әлемге” дейін сап түзеді. Олардың кеуделеріндегі “ЭКСПО – 2017” көрмесінің басты бойтұмары да бірінен кейін бірі жанып, шарға жетті. Бұл тізбектің 2232 адамнан құралуында да үлкен мән жатыр – “ЭКСПО – 2017” көрмесі тұтастай 2232 сағатқа жалғасқан еді. Тізбек соңында тұрған көрменің басты кейіпкері – кішкентай балақай толассыз энергиямен қуаттанып, шарға қолын тигізген сәтте айнала жарқырап шыға келді. Бұл бірліктің, берекенің, сарқылмас қуаттың белгісін білдірсе керек. Осылайша, Астана аспанында Тұманбай Молдағалиев пен Нұрғиса Тілендиевтің “Құстар әні” әуелеп, алып шарда бейнеленген бейбітшілік құсы көкке самғады. Бұл – биікке талпынған жасампаз Қазақ елінің нышаны еді.

Терең мағыналы, тағылымды қойылымдармен мазмұны кеңейген ресми бөлім аяқталар тұста Астананың түнгі аспаны отшашумен өрнектелді. Күндіз ашық аспанның, түнде жымыңдаған жұлдыздан басқа осындай сәні мен салтанаты жарасқан отшашуды қызықтаған да бір қуаныш екен-ау! Бір игі істің абыроймен аяқталғанына қуанғандар көңіл-күйді одан сайын көтеретін мерекелік концертті тамашалады.

Көрменің жабылу салтанатына орай ұйымдастырылған концертте “МузАрт” тобы, Майра Мұхамедқызы, Марат Бисенғалиевтың симфониялық оркестрі, Жәмила Серкебаева, сондай-ақ, “Отырар сазы” академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі және басқа да танымал орындаушылар өнер көрсетті.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Петропавл – Астана – Петропавл.

Комментарии   

 
0 #1 Ахметжан 13.09.2017 15:17
Сарыарқаның төрін үш ай бойы дүбірге бөлеген “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесі - еліміздің тарих парақтарына алтын әріптермен жазылады. Бала-шағаммен көрмені тамашалауға екі рет бардым. Осындай шараның өтуі халқымыз үшін үлкен қуаныш. Жас ұрпақтың мақтаныш сезімін тудыратын тарихи оқиға, десем асыра мақтағным емес. Экспо көрмесін 12 миллионнан астам адам тамашалапты. Жарайсың, қазақ елі.
Цитировать
 

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау