Солтүстік Қазақстан газеті

АСТЫҚТЫ АЙМАҚТЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Печать PDF

 

argaiv1208

2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысында 1 миллион гектар алқапқа майлы дақылдар егіледі. Бұл туралы Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуы мәселелеріне арналған баспасөз мәслихатында өңір басшысы Құмар Ақсақалов мәлімдеді.

Облыс әкімі баспасөз мәслихаты барысында астықты аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына тоқталып, ауыл шаруашылығындағы жетістіктер және әлеуметтік саладағы өзгерістер туралы баяндады. Құмар Іргебайұлы өңірдің негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы екеніне жиналғандар назарын аударды. Бүгінде диқандар орақ науқанына жаппай кірісіп кетті, барлығы 4,2 миллион гектар алқаптың егінін дер кезінде жинап алу міндеті тұр.

– Егіншілік табысты болуы үшін топырақтың құнарлылығын арттыру тұрғысында көп жұмыс істеу қажет. Минералды тыңайтқыштар пайдаланылады. Үстіміздегі жылы облыс диқандары 94000 тонна минералды тыңайтқыш алу жөнінде келісімшарт жасаған болатын. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп, – деді Құмар Іргебайұлы.

Өңір басшысының айтуынша, жердің тиімділігін арттыру және шаруалардың оған деген жауапкершілігін күшейту тұрғысында айтарлықтай жұмыс тындырылған. Нәтижесінде егістікті әртараптандыруда оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Биылғы жылы Солтүстік Қазақстан облысында майлы дақылдар алқабы 39 пайызға ұлғайды.

– Біз майлы дақылдар алқабын 712 мың гектарға жеткіздік, бұршақты дақылдарды екі есе көбейттік, соның ішінде жасымық та бар, алғаш рет алқапқа соя ектік. Бұлар өнімділігі жоғары, экспортқа негізделген дақылдар, сол себепті біз оларды барынша көбейтудеміз. Майлы, бұршақты дақылдарды өсіру арқылы біз егіншіліктің тиімділігін арттырмақпыз. Сондықтан алдағы жылы майлы дақылдардың егістік көлемін 1 миллион гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді баспасөз мәслихатында өңір басшысы.

Журналистермен кездесуде мал шаруашылығының дамуы туралы да сөз болды. Бұл сала жыл бойы тұрғындардың 80 пайызын етпен, ал 70 пайызын сүтпен қамтамасыз етіп отыр. Дегенмен, Құмар Ақсақалов облыстағы 129 мың қосалқы шаруашылықтың тек 77 мыңы, яғни 60 пайызы ғана мал мен құс ұстайтынын айта келе, ауыл тұрғындарының табысын еселеу үшін мемлекет ұсынып отырған тетік пайдаланылатынын айтты. Биыл өңірде 20 кооператив құру көзделген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан бұл жобаға қазынадан қаржы бөлінуде. Теріскейде кооперативтерді қолдауға 1,7 миллиард теңге бөлінген, оның 1,5 миллиард теңгесі игеріліпті.

Құмар Іргебайұлы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында облыстың машина жасау саласының биылғы жеті айдағы жұмысына тоқталды. Кәсіпорындар осы аралықта жалпы сомасы 32,5 миллиард теңгенің тапсырысын алған екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге көп. Петропавл ауыр машина жасау зауыты мен Киров атындағы зауытты технологиялық жаңғырту туралы келісімге қол жеткізілгенін айтқан облыс әкімі бұл мақсатқа тиісінше 4 және 2 миллиард теңге бөлінетінін хабарлады.

Өңір басшысы Инвесторлар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік кеңестің үшінші отырысының қорытындыларын да тілге тиек етті. Инвесторлармен кездесулер нәтижесінде құны 100 миллиард теңге болатын 20 меморандум мен келісімшартқа қол қойылған. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, жүзеге асырылатын ең ірі жобалар ішінен қытайлық “Shi Yan De Rui Gong Mao Co. Ltd” компаниясының 65 миллиард теңге инвестициялық қаржысына салынатын машина жасау кластерінің құрылысын ерекше атап өткен жөн.

Баспасөз мәслихатында облыстағы құрылыс барысы да баяндалды. Петропавл қаласындағы “Жас өркен” шағынауданын жаңғырту үшін 500 ескі үй бұзылып, олардың орнына 2500 пәтерлік жаңа тұрғын үй кешендері бой көтереді.

– 300 орындық концерт залы, 150 орындық акт залы, конференцзалы және IT-технология орталығы бар төртқабатты Оқушылар сарайы салынады. Төрт жабық, үш ашық корты бар әмбебап теннис орталығы да осы шағынауданда бой көтермек. Заманауи зәулім үйлердің құрылысы басталып та кетті, – деді облыс әкімі.

Орталық коммуникациялар қызметінде бұған дейін өздері басқарып отырған өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы және салалық мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жайлы Қостанай, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері есеп берген болатын.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау